«Ұрпақтың рухани жаңғыруы балабақшадан»

Ұрпақтың рухани жаңғыруы балабақшадан

      

     «Ел болам десең, бесігіңді түзе» дейді ұлы Мұхтар Әуезов. Әрбір азамат өз мекені мен өлкесі және оның байлығының иесі болу үшін жаңа технологияларды меңгеріп, жаңашыл өмір сүрудің жолдарын білуге тиіс деп санаймын. Осылайша қоғамның дамуы білімді адамдардың жаңаша қызмет атқаруын қажет ететін болса, болашақ қоғам мүшелеріне білім мен тәрбие беруді жүзеге асыратын мамандар дайындайтын біздің білім беру ұйымдары Елбасы көздеген бағыттарға лайықты болуы қажет. Әуелі, білім беруге қойылып отырған жаңа талаптарды орындауда біршама жұмыстар атқарылып, жастардың үш тілде білім алуына, жаңа және озық технологияларды игере отырып, білім беру жүйесін дамуына үлкен жұмыстар жүргізілуде. Мұндай  жоспарды орындауда әр саланың өзіндік бір үлесі болса, оның ішінде ұстаздар қауымының қосатын үлесі зор деп білемін. Мәселен, өрескел ұрпақты даму үстіндегі жаңа қоғам мүшесі етіп білім мен тәрбие беру, оны осы Елбасымыз көрсетіп отырған талаптарға сай етіп орындау үлкен еңбек деп білемін. Осындай ұлы іске лайық болу меніңше, үлкен абырой, басты борышым деп есептеймін.

      Біздің балабақшадағы әр бала үшін жасап отырған  іс-әрекетіміз осы бүлдіршіндердің дамуы  мен жетілуіне тікелей бағытталады. Балабақшаның басты міндеті – бала тәрбиелеу, яғни балаға сапалы білім мен саналы тәрбие беру. Бұл мақсатты тікелей іске асыратын педагог, яғни тәрбиеші.

      Тәрбиеші – өте нәзік әрі басты инструмент, ол барлық адами қызметтерді өзінде жинақтаған. Ол философ,  ұйымдастырушы, оқымысты, психолог, артист… Сондықтан, оның бойындағы байқалатын қызметтерге сыйластықпен қарай отырып, оны жетілдіруге ұдайы көмек  көрсетіліп отыруымыз қажет.

     Баланы жан-тәніңмен сүймей баламен жұмыс жасау – ескексіз  қайықпен су  бетінде әрлі-берлі толқынмен бірге бағытсыз ырғу» деген сөз бар. Бала дүние есігін ашқан күннен бастап өз отбасымен, өз елімен көрісіп, бесіктен түлейді емес пе? Кейін, ол бала бір жасқа толып, аяғын тәй-тәй басқаннан кейін «балабақша» атты үлкен бесік тәрбиесіне беріледі. Балабақша – баланың жүйелі түрде білім-тәрбие алатын  ең алғашқы қоғамдық ошағы болып табылады. Балабақшаның балаға беретін тәлім-тәрбиесінің қаншалықты мықты болуы, сол балабақшада қызмет ететін педагогикалық ұжымға, нақтырақ айтар болсақ, педагогқа байланысты.

     Педагог – киелі мамандық десем кем болмайды. Ол ертеңгі болашақты, болашақ иесін – ұлтын тәрбиелейді. Тәрбиеші – суретші, әртіс, әдебиетші, ақылшы, дос және бала жанын түсіне білетін психолог.

      Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын оқып шығып, үлкен әсер алдым. Бұл біздер үшін маңызы зор үлкен жаңалық болды. Елбасымыз бұл мақаласында еліміздің тұрғындарын рухани жаңғыру арқылы болашаққа бағдар жасауға, талпынуға бағыт-бағдар сілтейді. Бұны тек мақала ғана емес, мазмұны терең, ауқымы өте кең, ұлт руханиятын ХХІ ғасыр биігіне көтеретін рухани жаңғыру бағдарламасы десек те болады. Елбасымыз көптеген маңызды мәселелерді қозғады. Ішінде санамыздың ашықтығы мен кәсіпке адалдық және де білімге деген ұмтылыс айтылды.

Осы орайда балабақшамызда  бірқатар шаралар өткізіліп келеді: «Туған өлкем» көркем сөз сайысы, «Біздің сүйікті ата -әжелер» қарттар мерекесіне арналған дөңгелек  үстел, Патриоттық тәрбие бағыты бойынша әңгімелесу, сабақтар, көркем сөз оқу, фильмдер көру, «Мен азаматпын» тақырыптық тәрбие сағаты мен ертеңгіліктер,  «Тұңғыш президент», «Тәуелсіздік күні», «Өз өлкеңді таны да сүй» буклеттер шығару, «Көп ұлтты Отаным -Қазақстан» ертеңгіліктері.

      Ойымды Елбасының: «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» жолдауындағы сөзімен түйіндейтін болсам, «ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс» демек, ұлттық рухымыздың жаңғыру жас маманның, жас ұрпақтың қолында. Сол үшін өскелең тәрбиелі ұрпақ үшін аянбай еңбек етуге дайынмын.

         Дайындаған: Ташикова Г.Б

Қазақ тілі мұғалімі